Білім

«ЖАС ҰСТАЗ: ТАБЫСҚА АПАРАР ЖОЛ»

Бүгін Семей қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде Абай облысы жалпы білім беретін ауыл мектептерінің жас педагогтеріне арналған «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» атты форум ұйымдастырылды. Форумға 120-дан астам жас маман қатысты.

Жастарға өмірлік тәжірибемелерімен бөлісу, жол көрсету мақсатында М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің директоры, Абай облыстық маслихатының депутаты Шағангүл Жанаева, «Қазақстан» РТРК АҚ Абай облыстық филиалының директоры Хасен Молдабаев, Ақсуат ауданы Кіндікті ауылдық округінің әкімі Мирас Дәуренбекұлы шақырылды.

Форум аясында мәртебелі меймандардан бөлек мектебіміздің директоры Наркен Буркенов, Облыстық инновациялық-әдістемелік орталықтың директорының міндетін атқарушы Айнұр Исабаева, Өскемен қаласындағы педагогикалық шеберлік орталығының директоры Кульфарида Раисовалар  сөз алып, ұстаздық жолдың оңай емес екенін, белгілі-бір нәтижеге жету үшін іздену мен үздіксіз еңбек ету керектігі жайлы ой қозғады.

Мұғалім – мемлекетті қалыптастырушы тұлға. Бүгінгі қоғамның айнасы деуге болады. Оның қоғамдағы рөлі, мәртебесі әркезде де жоғары. Алаш арыстарының бірі Мағжан Жұмабаев атамыздың «Алты Алаштың баласы бас қосқанда төр –ұстаздікі» деген қағидасы әлі өзінің күшін жойған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ел көлеміндегі алқалы жиындарда мұғалім мәртебесіне ерекше тоқталуы осының дәлелі. Бүгінгі жас ұстаздар «Жаңа Қазақстанымыздың» іргесін бекітуші өскелең ұрпақты тәрбиелеуші. Сондықтан бұларға артылып отырған жауапкершілік зор. Осы жауапкершілікті абыроймен көтере білу керек, -дейді білікті ұстаз Шағангүл Алдамжарқызы.

Білімі мен біліктілігін арттыруға бағытталған  «Жас педагогтың кәсіби дамуы: оқыту және үйрену» атты тақырыптық алаңдарда бас қосып, дәріс оқылды. Сондай-ақ « Педагогтық құндылық бағдарлары» жобалық сессияларының жұмысы алаңдарында бір ортада  тәжірбие алмасуға мүмкіндік алды.

Бүгінгі форум барысында адам құндылығы, патриотизм құндылығы,отбасы құндылығы, қоғам құндылығы бағыттары бойынша сессиялық жұмыстарға қатысатын боламыз. Ұсынып отырған ақпаратты бойымызға сіңіріп, ауданымызға барып пайдаланатын боламыз,- Ақсуат ауданы, Қ. Сәтпаев атындағы Жәнтікей орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Жақсылық Серікбаев.

Жас педагогтердің кәсіби дамуына жаңа серпін берген форум соңында жобалық жұмысының қорытындыларымен таныстырылды.Үздік жұмыстар облыс мектептерінде іске асырылатын болады.

Back to top button