«Тау тұлғаларға тұғыр болған қасиетті Павлодар өңірі» атты көрме өтті

Бүгін, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік мұражай-қорығында Павлодар өңірінің мәдени мұрасына толы жылжымалы көрменің ашылу салтанаты өтті.
«Тау тұлғаларға тұғыр болған қасиетті Павлодар өңірі» атты көрмені ұйымдастырудағы басты мақсат – Ертістің бойын жағалай орналасқан екі облыстың тұлғаларын жастарға, халыққа таныстыру. Көрмеге көрнекті тұлғалардың құнды заттары, сирек кездесетін құжаттар мен фотосуреттер, жеке заттары, қолжазбалары орын алған. Атап айтқанда, Мұса Шормановтың шырағданы, Шәкен Аймановтың сахналық киімдері, Майра Шамсұтдинованың сырнайы мен 100-ге жуық жәдігер ұсынылды.
Көрмеге қойылған жәдігердің барлығы құнды. Соның ішінде , Құдайберген Әлсейітовтың «Тұмар» домбырасы.Жиналмалы домбыра,қоржынға салып жүруге ыңғайлы. Екінші домбыра, Қамар Қасымовтың Ғ.Мүсіреповке арнайы сыйға берген домбырасы. Ерекшелігі ұлудың қабыршығымен әшекейленген. Үшінші, Естай атамыздың өзі ұстаған көне домбырасы,-деді Ерлан Рахимов.
Шараның ашылу салтанатына қаланың бірқатар зиялы қауымы, музей қызметкерлері мен студенттер бой көрсетті. Ә.Қашаубаев атындағы филармония әншісі Бақытжан Түптібаев өнер көрсетті.
Жылжымалы көрме қала тұрғындары мен қонақтары үшін 7-ші желтоқсанға дейін жалғасады.