БастыБілімҚоғам

Семейде жас батырларға алғыс хаттар табысталды

Семейде суға батып бара жатқан баланы құтқарып қалған оқушы мен студентке алғыс хаттар табысталды, деп хабарлайды Abaynews.kz.

Қалалық әкімдікте ағымдағы жылдың 1 мамырында Ертіс өзенінде батып бара жатқан баланы құтқарып қалған құрылыс колледжінің ІІ курс студенті Данила Кондратенконы және № 11 орта мектептің 7-сынып оқушысы Руслан Омаровты марапаттау рәсімі өтті. Ішкі саясат бөлімінің басшысы Олжас Соғымбай жас балаларға батырлық танытқандарына алғысын білдіріп, қала әкімінің алғыс хаттарын табыстады.

Сонымен қатар жас батырларды онлайн режімде білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Элина Паули құттықтады.

  • Біздің отандастарымыздың – Руслан Омаров пен Данила Кондратенконың ерлігі құрмет пен алғысқа лайық. Сіздерге ержүректік пен батылдық танытқандарыңыз үшін шын жүректен алғыс айтқым келеді. Сіздер сол сәтте қорықпай, адам өмірін құтқарып қалдыңыздар. Менің ойымша, бұл өте баға жетпес әрекет, осындай патриоттарды тәрбиелеген ата-аналарыңызға жеке алғыс айтқым келеді, – деді тікелей эфирде Элина Сергеевна.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі атынан балаларға алғыс хаттар табысталды.

Еске салайық, 2022 жылғы 1 мамырда № 11 мектептің оқушылары Ертіс өзенінің жағасына демалуға барған. Сағат 17:00 шамасында оқушылардың бірі суға секіріп, 2009 жылғы бала өзенге аға бастаған. Сол маңайдан өтіп бара жатқан құрылыс колледжінің студенті Данила Кондратенко көмекке жетіп, баланы судан алып шыққан. Руслан Омаров зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек (жүрек массажы) көрсеткен.

Айтып өтейік, бұған дейін жасөспірімдер ҚР ТЖМ бұйрығымен баланы құтқарып қалғаны үшін құрмет грамотасымен марапатталды.

Abaynews.kz

Back to top button