Абай облысыБастыБілімСемей

Семейде Республика күніне орай жаңа мектеп ашылды

Республика күніне орай Абай облысының орталығы  Семей қаласының  Степной кентінде заманауи талаптарға сай 300 орынға арналған жаңа мектеп ашылды, – деп хабарлайды Abaynews.kz.

Жаңа оқу ғимаратының ашылу салтанатына Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов қатысты.

«Президент облысымызға жасаған сапарында мектеп санын көбейтуді тапсырғанын білесіздер. Степной кентіндегі осы мектеп сияқты алғашқы жаңа оқу орындарын қолданысқа бере бастадық. Болашақта облысымызда осындай заманауи кабинеттермен, оқу құралдарымен жабдықталған мектептер саны артатын болады. Бұл сапалы білім берудің негізгі факторларының бірі екені сөзсіз» – деді облыс әкімі

Жаңадан салынған мектеп спорт залымен, 108 орынға арналған  асханамен, 100 орынға арналған акт залымен, зертхана кабинеттері мен шеберхана, сондай-ақ жаңа модификациядағы кабинеттермен жабдықталған. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы 24 ішкі және 15 сыртқы бейнекамералар орнатылған.

Әр оқу кабинеті 19 интерактивті тақтамен, 19 маркерлі тақтамен, 23 телевизормен жабдықталған. Физика, химия – биология кабинеттерінің жанында зертханалық кабинет жасалған. Физика кабинетінде оқушылардың партасына арнайы тоқ көздері тартылған, ал химия – биология кабинетінде  әр оқу партасында су құбыры және кәріз жүйесі қосылған. Информатика пәні бойынша 13 оқушы жеке отырып, білім алатын 2 оқу кабинеті компьютерлермен жабдықталған. Кітапхана жүйесі: әдеби – көркем шығармаларды сақтайтын  кітапхана қоры және 20 орындық оқу залынан тұрады.

Оқушыларды  медициналық тексеру және профилактикалық екпе шаралары медициналық кабинетте жүзеге асырылып, алғашқы көмек көрсетіледі. 108 орындық асхана оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Жуынатын бөлмесі мен киім сақтайтын бөлмелері бар бар кең спортзал жасалған. Есік алдындағы волейбол, баскетбол, футбол алаңдары оқушылардың спортпен айналысуына мүмкіндік бар.

Айтып өтейік, Республика күніне орай Семей қаласында 22 – 23 қазанда Северный, Дальный, Жоламан базарларында ауыл шаруашылығы тауарлары өндірушілерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Ал 25 қазанда этномәдени бірлестіктер шеруі мен мемлекеттік туды салтанатты түрде жоғары көтеруден басталатын шара ары қарай концерттік бағдарламалар мен спорттық іс-шаралармен жалғасын табады.

Қаланың мұражайлары мен кітапханалары тұрғындарға ашық есік күнін өткізеді. Сондай-ақ облыс аумағында жаңа мектеп, спорт модулі және басқа да нысандардың ашылады.

Сағат 19:00-де Семейдің орталық алаңында отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік гала-концерт, сағат 22.00-де мерекелік отшашу болады деп жоспарлануда.

Abaynews.kz

Back to top button