
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев жұмыс сапарымен Ақсуат ауданында болды, деп хабарлайды Abaynews.kz
Аудан құрамында 9 ауылдық округ, 29 елді-мекен бар. Аудан тұрғындарының негізгі кәсібі – мал шаруашылығы.
Облыс әкімі Ақсуат ауданының тұрғындарымен кездесті. Халықпен кездесу барысында өңір басшысына ауданда жүргізілген жұмыстар туралы айтылды. Сондай-ақ, тұрғындар ауылдық жерлерді дамытуға, жас мамандарға және бизнесті дамыту саласында мемлекеттік қолдау көрсетуге қатысты сұрақтар қойды.
Сонымен қатар, Нұрлан Ұранхаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Оған салалық басқармалардың мамандары қатысты, олар өз кезегінде сол жерде мәселелерді шешуге жәрдемдесе алды.
Аймақ басшысы алдағы кезектен тыс Президент сайлауы бойынша Ақсуат ауылының мәдениет үйінде орналасқан № 935 сайлау учаскесінің дайындық жұмыстарымен де танысып өтті.
Өңір басшысы Екпін ауылындағы «Жансая» шаруа қожалығының 1000 басқа арнап салып жатқана бордақылау алаңымен танысты. Сондай-ақ мал шаруашылығы көрмесін тамашалады.
«Біздің облысымыз – аграрлық аймақ. Осы саладағы қордаланған мәселелерді шешіп, өңірдің бәсекеге қабілетін арттыратын болсақ, өзімізді де, өзге өңірлерді де ауыл шаруашылық өнімдерімен толық қамтамасыз етуге болады. Осы орайда айта кетсек, Ақсуат ауданындағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің облыстағы үлесі – 8,3%. Мал басының өсімі, ет, сүт, жұмыртқа өндіру көрсеткіші артып келеді.»-деді Нұрлан Ұранхаев.
Облыс басшысы аудан орталығындағы «Ақсуат» колледжінде болып, білім ошағының жұмысын көрді.Орта арнаулы оқу орнында ауылдық жерде де, қалада да сұранысқа ие 11 мамандық бойынша бідім алуға болады.Қазір колледжде 180-нен астам студент оқиды. Оқу орны қызметкерлерінің штаттық саны 80-ге жуық адам.
Аймақ басшысына ғимаратты жөндеу, материалдық – техникалық базаны жаңарту және студенттер үшін қосымша жатақхана салу қажеттігі туралы айтылды. Тиісінше, қаржыландыру қажет.Осы орайда облыс әкімі жалпы білім беретін орта мектептер жағдайына да тоқталды.
«Облысымызда оқушыларға орын жетіспейді. Орын тапшылығы – 9 824. Осы мәселені шешу мақсатында 5 100 орынға арналған 9 мектеп салу жоспарлануда Семей қ. – 5, Аягөз қ. – 1, Ақсуат ауданында – 1, Бесқарағайда – 1, Жарма ауданында – 1. Биыл 1 700 орындық 4 жаңа мектеп іске қосылды. Аудандағы Нұрбаев атындағы мектепке «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде»
Нұрлан Ұранхаев Ақсуаттағы дене шынықтыру- сауықтыру кешеніне барып, мекеменің тыныс-тіршілігін көзбен көрді.
Облыс басшысы өз сөзінде, «Ауданда спортпен шұғылданушылардың үлесі 3500 оқушының 20% құрайды. Бұл, әрине, өте аз. Біз, жастардың спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануына барлық жағдайды жасауымыз керек.» – деп атап өтті.
Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде спортпен шұғылдануға барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ, мұнда 5 жолақты үлкен бассейн бар. Спорт нысанының құрылысы ағымдағы жылдың тамыз айының соңында аяқталған болатын.