Мәдениет

Наурыз мейрамы жаңа форматта тойланады

Биылғы жылдан бастап 14-23 наурыз аралығында Наурызнаманың дәстүрлі онкүндігі өтпек. Әр күннің символдық және идеологиялық бағыттарға терең бойлайтын өзіндік мәні бар. Осыған сәйкес Абай облысында Наурыз мерекесіне арналған іс-шаралар жоспары әзірленіп, 350 іс-шара жоспарланды. Олардың барлығы жаңа талаптарға сай ұйымдастырылмақ.

Абай облысының Ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Садырбаев әр ауданнан 500-ге жуық азаматтың басын қосатын «Аялы әже» облыстық форумы өтетін хабарлады.

Бұл ретте қайырымдылық пен жомарттық тақырыбында марафондар мен челленджер жоспарланған. Бұдан бөлек, «Ұлттық киімге құрмет» челлендждері, Семей қаласындағы сауда үйлерінде «Saukele fashion», «ЭТНО-FASHION» ұлттық киімдердің сән көрсетілімдері, «Наурыз аруы – 2024», «АТА ЖОЛЫ – АҚ БАТА байқаулары өткізіліп, жаңа туған сәбилердің ата-аналарына «НАУРЫЗ-БАЗАРЛЫҚ» естелік сыйлықтары табыс етілетін болады.

22 наурыз күні мейрам қалаларда, барлық аудан орталықтарында және ауылдық округтерде жаппай атап өтіледі.

Наурыз мерекесін тойлау Мұхтар Әуезов алаңында, Қарағайлы шағынауданында, Силикат кентінде, Затон және теміржол вокзалында сағат 10:00-де басталса, Орталық алаңда мерекелік іс-шаралар сағат 11:00-ден бастап жоспарланған.

Back to top button