«Абай облысының Құрметті азаматы» атағын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті

Бүгін облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев «Абай облысының Құрметті азаматы» төсбелгілерін табыс етті.
Олардың қатарында облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Мейрамхат Айнабеков, тыл және еңбек ардагері Хапас Дәуітов пен Дүйсен Сұлтанов, «Возрождение» неміс қоғамдық бірлестігінің белсендісі Артур Эккарт, спорт ардагері Ром Ильматов, журналист, «Тема недели» бағдарламасының авторы Вера Кропачева бар.
«Бұл жай ғана атақ емес, елге ақадал қызмет жасап, құрметіне бөленген, халықтың алғысы мен батасын алған жерлестерімізге арналған мәртебелі атақ. «Абай облысының құрметті азаматы» айрықша белгісінің мәні ерекше. Сіздердің еңбектеріңіз өңірімізді биікке көтеріп қана қоймай, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болды», – деді облыс әкімі.
Бұдан бөлек, облыстың құрметті азамат атағын алғандардың қатарында опера әншісі, ҚазССР және КСРО халық әртісі, «Мирас» қоғамдық ұлттық мәдениет қорының вице-президенті Бибігүл Төлегенова, еңбек ардагері, зейнеткер Қожағұл Тоқабаев, жазушы, ҚР жазушылар одағының мүшесі Медеу Сәрсеке, еңбек ардагері, зейнеткер Маркен Шайжүнісов бар. Халыққа танымал тұлғаларға төсбелгілерді облыс әкімінің бірінші орынбасары Шалқар Байбеков арнайы барып табыстады.
Белгінің өзі де ерекше мәнге ие. Ақ түс тазалықты, шексіздік пен әділдікті білдіреді. Көк түс бейбітшіліктің, тыныштық пен жақсылықтың символы болып табылатын бұлтсыз көк аспанды бейнелейді. Алтын түс байлық пен кеңпейілділікті білдіреді. Медальдің ортасында Абай өңірінің сұлбасы бейнеленген. Оны қоршап тұрған жеті қыр аймақтың алуан түрлілігін және оның мәдениет, өнер, білім, ғылым, өндіріс және инновация сияқты даму жолдарын сипаттайды.