Абай облысының кәсіпорындары «Парыз» байқауының жүлделеріне ие болды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен 2023 жылғы 12 желтоқсанда «Парыз» – 2023 бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі жыл сайынғы республикалық конкурстың, Мемлекет басшысының «Алтын сапа» сыйлығының және «Қазақстанның үздік тауары» сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Абай облысындағы 492 қатысушының ішінен ірі кәсіпкерлік субъектілері арасындағы «Парыз» байқауының Бас жүлдесін «Бақыршық тау-кен кәсіпорны» ЖШС алды. Гран-при жүлдесі өз саласында жоғары көрсеткішке және корпоративтік, әлеуметтік, экологиялық жауапкершілік қағидаттарын іске асыруда үздік нәтижеге жеткен үміткерлерге беріледі.
Сонымен қатар, «Парыз» байқауының «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясымен 2-ші орынды «Семей монтаждау фирмасы-Имстальком» ЖШС иеленді.
«УК ЮНИС» ЖШС шұлық-трикотаж фабрикасы «өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында «Қазақстанның Үздік Тауары» республикалық көрме-конкурсының жеңімпазы атанды.
Байқау жеңімпаздары тиісті диплом және бағалы сыйлықпен марапатталды. Сондай-ақ, лауреаттарға конкурс эмблемасын жарнамалық мақсатта осы атақ берілген күннен бастап үш жыл ішінде пайдалану құқығы беріледі.