
Абай гарнизонында «Ашық есік күні» шарасы өтті, деп хабарлайды Abaynews.kz
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығында 28738 әскери бөлімінің базасында «Ашық есік күні» ұйымдастырылды. Бұл шараға Семей қаласының жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері қатысты. 200-ден астам студент Отан қорғаушылардың тұрмыс-тіршілігімен және әскери өмірімен таныса алды.
Экскурсия барысында балаларға әскери бөлімдердің заманауи қару-жарақтары мен әскери техникалары көрсетілді. Олар «Арлан» броньды доңғалақты машинасымен, «Смерч» және «Точка-У» зымыран тасығыштарымен, «Фагот» танкке қарсы зымыран кешенімен және ұшқышсыз ұшу аппараттарымен танысты, сондай-ақ жауынгерлік машина тізгінінде отырған жүргізушінің дағдыларын меңгеруге мүмкіндік алды.
Оқушылар мен студенттерге атыс қаруының, танкке қарсы қол гранатометтерінің ерекшеліктері туралы айтылды. Сонымен қатар, әскерилер балаларға арнайы жасақ сарбаздарының киімдері мен техникасының, сондай-ақ радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс құралдарының үлгілерін көрсетті.
Барлау бөлімшелері қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін көрсетті, одан кейін гарнизондық офицерлер үйінің қызметкерлері концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Барлық нөмірлер қол шапалақтаумен жүрді.
Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, экскурсиядан кейін көптеген жастар әскери қызметке қызығушылық танытып, өз өмірін Отан қорғаушы мамандығымен байланыстыруға ниет білдірді.
Фото: Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі