Қылмыс

Қазақстан Республикасында алғаш рет азамат сотқа дейінгі іс жүргізу деректерін жария еткені үшін сотталды

Абай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша Абай облысының Ауыл шаруашылығы өндірушілерінің күзгі-дала жұмыстарына арналған дизель отынының мұнай базасы басшылығының ұрлау фактісі бойынша қылмыстық істі тергеді.
Осы іс бойынша тергеуші, белгіленген тәртіппен, «Т» куәгерін қылмыстық іс бойынша өзіне белгілі мән-жайлар туралы мәліметтерді жария етпеу туралы жазбаша нысанда ескерткен.
Алайда, өз құқықтарымен және міндеттерімен таныс бола отырып, азамат «Т» басқа мүдделі тұлғаға «WhatsАpp» мессенджерін пайдалана отырып, қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария еткен. Бұл мәліметтер дизель отынын ұрлау бойынша іске қатысты тұлғаға өзін қорғауға мүмкіндік берді, бұл жағдай оның жымқыруға қатысы бар екенін дәлелдеу жұмысын қиындатты.
Аталған факт жүргізілген тінту барысында күдіктіден алынған ұялы телефонды тексеру кезінде анықталды. Телефонды тексеру кезінде тергеуші хат-хабарларды қарап, олардың арасында дизель отынын ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс туралы мәліметтері бар фото файлдарды анықтады. Бұл ашылған жағдай азамат «Т» мүдделі тұлғаға сотқа дейінгі іс жүргізу деректерін жария еткендігін дәлелдеді.
Сотқа дейінгі тергеу барысында азамат «Т» мойындау айғақтарымен танысып, прокуратура органдарымен кінәсін мойындау туралы іс жүргізу келісімін жасады.
11.04.2023 жылы Жарма ауданының сотымен азамат «Т» ҚР Қылмыстық кодексінің 423-бабымен көзделген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды, оған бір жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.
Сонымен қатар, сотқа дейінгі тергеу барысында дизель отынын ұрлау фактісі бойынша мұнай базасы директорының кінәсі дәлелденді, қазіргі уақытта қылмыстық іс сотта қаралуда. 70 млн. теңге көлемінде келтірілген залал толық көлемде өтелді.
Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі тергеп-тексеруге және шындықты анықтауға кедергі келтіретін кез келген іс-әрекеттер ҚР заңнамасымен, оның ішінде қылмыстық кодекстің 𝟰𝟮𝟯-бабымен жазаланатынын ЕСКЕРТЕДІ – қылмыстық құқық бұзушылық болып табылатын сотқа дейінгі тергеп-тексеру мен жабық сот талқылауының деректерін жария ету екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.

Back to top button